09.06.2026
Балалар аула клубтарында жазғы демалыс қызықты өтуде
Жаз мезгілі – балалар үшін шаттыққа, ойынға және жаңа әсерлерге толы ерекше кезең. Осыған орай «Қайнар», «Балдәурен», «Жұлдыз», «Мирас» және «Мұрагер» балалар аула клубтарында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған түрлі ойын-сауық және мерекелік бағдарламалар өткізілді.
«Қайнар» балалар аула клубында өткен «Біздің күлкімізге толы жаз» ойын бағдарламасы балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қатысушылар көңілді эстафеталарға қатысып, тапқырлықтары мен шапшаңдықтарын көрсетті. Балалардың шат күлкісі мен жарқын эмоциялары іс-шараның көркін аша түсті.
«Балдәурен» балалар аула клубында ұйымдастырылған «Күлімде, жаз келді!» ойын бағдарламасы жазғы демалыстың басталуын мерекеге айналдырды. Балалар қызықты ойындарға қатысып, шығармашылық тапсырмаларды орындап, достарымен бірге көңілді уақыт өткізді.
«Жұлдыз» балалар аула клубында «Балалық шақ – жарқын ғаламшар» ойын-сауық бағдарламасы өткізілді. Балалар ән айтып, би билеп, түрлі сайыстарға қатысып, өз өнерлері мен қабілеттерін көрсетті. Ал «Су шарларымен шайқас» бағдарламасы ерекше қызығушылық тудырып, жазғы күнге сергектік пен қуаныш сыйлады.
«Мирас» балалар аула клубында өткен «Балалық шақ – бақыт мекені» мерекелік бағдарламасы достық пен мейірімділіктің мерекесіне айналды. Балалар ойындарға белсенді қатысып, шығармашылық қабілеттерін шыңдап, ұжымдық жұмыстар арқылы ұйымшылдықтарын көрсетті.
«Мұрагер» балалар аула клубында ұйымдастырылған «Балалық шақ әлемі – ғажайыптар әлемі» ойын бағдарламасы балаларды қиял мен қызыққа толы әлемге жетеледі. Қатысушылар логикалық тапсырмалар орындап, түрлі сайыстарда бақ сынап, белсенділіктерімен ерекшеленді.
Аталған іс-шаралардың басты мақсаты – балалардың жазғы демалысын пайдалы әрі қызықты өткізуге жағдай жасау, шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау. Көңілді ойындар мен жарқын кездесулер балалардың есте қаларлық демалыс өткізуіне мүмкіндік беріп, олардың жүздеріне шаттық сыйлады.