9 тамыз күні Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесі мен ҚР Ұлттық ұланның Көкшетаудағы 55/10 әскери бөлімінің ұйымдастыруымен “Ұлы халықтың - ұлы Абайы” атты ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер Абай Құнанбайұлының биыл 172 жыл толуына арналған тақырыптық кеш өткізілді. Мақсаты: Ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, ақынның даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттап, жас ұрпақты Абай шығармашылығын танып өсуге тәрбиелеу. Іс-шара барысында Ұлы ақынның шығармашылығы туралы айтылып, өмірінен сыр шертетін және Он төртінші қара сөзіне арналған бейне жазба көрсетілді. Сонымен қатар 55/10 әскери бөлімінде өз борыштарын өтеп жүрген әскерлер Абай Құнанбайұлының қара сөздерін және Ұлы ақынға арналған өлеңдерін оқып шықты. «Мұрагер» балалар аулалық клубының мүшелері: Темирбулатова Алуа, Жоламанова Аружан, Ғабдулла Әдемі және Қалиолла Тлеужан өз үлестерін қосты. Бірі Ұлы ақынның шығармашылығынан үзінділер оқып берсе, енді біреулері домбырада күй шертті. Соңында, Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.