Тәуелсіз еліміздің тірегі мен жүрегіне айналған, күн санап жаңарып мәдени дамуымыздың жарқын болашағының рәмізіне айналған Астана қаласы дүние жүзіне өзінің қайталанбас архитектуралық құрылыстарымен таңданыс тудырған мемлекетіміздің бас қаласы. 6 шілде күні "Мұрагер" балалар аулалық клубы мерекелік күн, Астана күнінде Боровской 50 мөлтек ауданының аула алаңында "Астанам, мақтанышым !" атты ойын-сайыс бағдарламасын өткізді. Құттықтау сөзден басталып, тақпақшылар жалғастырды. Әрі қарай викторина өткізіліп, ойындармен жалғасты. Балалар топ-топқа бөлініп, тапсырмаларды бір-бірімен жарыса орындады. Ойынның бірі доппен ойналса, бірі қысқыштармен, шармен болса да балалар бір-бірінен асып түсіп, жеңуге тырысып жатты. Барлық бала соңғы кезеңдегі "Тас жолға сурет салу" байқауына қатысты. Байқаудың әрбір қатысушысына бор беріліп, барлығы бірден үлкен шабытпен сурет салды. Әр сурет тақырыпқа сай, Астана күніне арналды. Сурет салынып болғасын әр бала өз суретін қорғады: әнмен,тақпақпен, Астана туралы қызықты әңгімемен, тіпті бимен. Іс-шара соңында барлық қатысушылармен "Келесі кездескенше!" деп, соңғы қоштасу ойыны ойнатылды.